Қазақстанда бір аптаның ішінде қар құрсауында қалған 581 адам құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 16-22 наурыз күндері аралығында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар бойынша комитетінің аймақтық бөлімшелерінің жол қызметтерімен бірлескен күшімен елдегі автомобиль жолдарындағы құтқару жұмыстары белсенді өткізілді.

Қазақстанда бір аптаның ішінде қар құрсауында қалған 581 адам құтқарылды

Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасынан хабарлағандай, «қар тұтқындарының» ең көп саны Ақмола облысында болған: облыстағы Қорғалжын, Жақсы, Ерейментау, Целиноград, Сандықтау, Бурабай аудандарында 162 адам мен 47 техника бірлігі қауіпсіз жерге көшірілген.

Павлодар облысының құтқарушылары қар құрсауынан 156 адам, соның ішінде 6 бала, 9 техника бірлігін шығарған. Құтқару жұмыстары Екібастұз қаласы, Баянауыл, Железин, Қашыр, Успен аудандарында жүргізілген.

Шығыс Қазақстан облысында 136 адам, соның ішінде 3 бала және 35 техника бірлігі қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқару қызметтері Семей қаласы, сондай-ақ Ұлан, Бородулиха аудандарында жұмыс істеді.

Солтүстік Қазақстан облыстарының күре жолдарында 92 адам құтқарылды, соның ішінде бір бала болды, 31 техника бірлігі қауіпсіз жерге көшірілген. Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы «Қызылорда-Павлодар» күре жолында 35 адам құтқарылды.

Атырау облысының құтқарушылары Каспий теңізіне қарай «Нива» көлігімен жолға шыққан адамдарға қатысты іздеу-құтқару жұмыстары өткізілді. Жоғалған азаматтар табылып, Забурунье ауылдық округіне жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты. Іздеу жұмыстарына Атырау облыстық ТЖД, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның күштері мен құралдары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

Өткізілген құтқару жұмыстарының нәтижесінде қар құрсауынан 581 адам, соның ішінде 19 бала, 122 техника бірлігі құтқарылды. Құтқарушылар азаматтардан ауа райының қолайсыздығы жағдайында әсіресе түнгі уақытта елді мекендердің сыртына шықпауларын сұрайды. Күртік қар кезінде өзін өзі ұстау ережелері туралы ақпаратты ТЖК сайтындағы «Тұрғындар үшін» бөлімінде «Азаматтардың ТЖ кезіндегі тәртібі мен әрекеттері» айдарынан алуға болады.