Қазақстанда бір күнде екі әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады

Жатыр мойны обыры - бұл қатерлі ісік аурулары арасында сирек кездесетін нозологиялық формаларының бір түрі және жас әйелдерді жиі зақымдайды. Пайда болу себебі адам папиллома вирусы болып табылады. Халықтың бұл ауру туралы аз хабардар болуы аурудың күн сайын өсуіне әкеледі екен.
Жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша АПВ жатыр мойны обырына әкелетінін тек әйелдердің 2% ғана хабардар екенін айтады.
Олардың айтуынша қазіргі уақытта Қазақстанда жатыр мойны обырымен 10500 әйел сырқатанған.
«Дегенмен, жыл сайын біздің елімізде 1200-ден аса жатыр мойны обыры оқиғасы тіркеледі, және соның жартысы осы аурудан қайтыс болады» делінген баспасөз хабарламасында.
Мамандар жатыр мойны эрозиясының пайда болуының бірнеше себептерін ұсынады. Оның алғашқы сбебеінің бірі жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар дейді олар. Урогенитальды хламидиоз, трихомониаз, микроплазмоз және уреаплазмоз, гонорея, папиллома вирусты инфекциясы, екінші типті герпес вирусы немесе генитальды герпес. Әйелдердің жыныс мүшелерінің басқа да қабынушы аурулары. Қынаптың қабынбалы аурулары ( вагиниттер, кольпиттер, бактериалды вагиноз, молочница). Сондай-ақ жатыр монының шырышты қабықшасының механикалық зақымдалуы. Ол көбіне бала босану, жасанды түсік тастау, дөрекі жыныстық қатынас сбебінен болатындығын айтады.
Бүгінгі таңда әлемде ЖМО алдын алудың екі тәсілін қатар қолдану анағұрлым тиімді болып танылған: скрининг және адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау. Скрининг - бұл обырдың дамуына әкелетін патологиялық өзгерістерді анықтау мақсатындағы тұрғындарға жүргізілетін тегін тексеру. Қазақстанда ЖМО скринингі 35 жастан 55 жасқа дейінгі әйелдерге жүргізіледі. Скрининг тұрғылықты тұратын жері бойынша емханаларда жасуша ісігіне зертханалық зерттеулер жүргізу үшін жатыр мойнынан сүртінді алу әдісімен жүзеге асады .
Қазақстанда Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2013 жылдан бастап 11-12 жасар қыздарды жыныстық өмірдің басталуына дейінгі ең тиімді уақытында АПВ қарсы өз еркімен тегін вакцинациялау өткізілуде.
Әлемдік статистикаға сәйкес, ғаламшар бетінде жатыр мойны обырынан әр екі минут сайын бір әйел көз жұмуда. Қазіргі уақытта біздің мемлекетімізде 10 000-ға жуық әйелдер осы қорқынышты диагнозбен онкологтардың бақылауында жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша жыл сайын бұл аурумен 1 200-ден аса қазақстандық әйелдер ауырады және 600-ге жуығы бұл аурудан көз жұмады. Алматы қаласында жатыр мойны обыры ауруының жыл сайын 200 жаңа жағдайы тіркеледі. Бұл ретте, 5 жыл бойы өткізілетін цитологиялық скринингке қарамастан, 15%-дан аса жағдайларға асқынған және таралған диагноз қойылады.