Қазақстанда бір жеке сот орындаушы 20 мың тұрғынға қызмет етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бір жеке сот орындаушы 20 мың тұрғынға қызмет етеді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Әділет министрі Берік Имашев мәлім етті.

Қазақстанда бір жеке сот орындаушы 20 мың тұрғынға қызмет етеді

Министрдің айтуынша, қазіргі күні ведомство Жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, жеке сот орындаушыларының санын көбейту бағытында жұмыстар атқаруда. Осыған байланысты алдағы уақытта облыстардың барлық аудандарында сот орындаушылар қызметімен қамтамасыз ету шаралары қолданған.

«Қазір 1 200 жеке сот орындаушы бар. Бұл 2015 жылғы 1-тоқсанымен салыстырғанда 2 есе дерлік көп, ал жеке орындау саласындағы көмекшілерді есепке алғанда, 4 мыңға жуық адам тартылды.

Осылайша, тек Алматыда - 173, Астанада - 138, Оңтүстік Қазақстан облысында - 120, Қарағанды облысында - 116 жеке сот орындаушысы тіркелді. Басқа өңірлерде де олардың саны өсуде. Республиканың шамамен 20 мың тұрғынына бір жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш еуропалық стандарттарға сай келеді», - деді Б. Имашев.
Дегенмен, ведомство басшысының айтуынша, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының айырмашылығына, сондай-ақ халықтың діліне байланысты жеке сот орындаушылары санының өсу қарқыны әр өңірде әр түрлі болып отыр. «Мәселен, батыс және солтүстік облыстарда жеке сот орындаушыларының саны әлі де нормативтерге жетпеген және олар көрсететін қызметтерімен қамтылмаған аудандар бар», - деді ол.