Қазақстанда бірқатар азық-түліктердің бағасы қымбаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірқатар азық-түлік тауары құнның артуы байқалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Қазақстанда бірқатар азық-түліктердің бағасы қымбаттады

«Толықтай алғанда, бізде жыл басынан бері баға 4,9 пайызға көтерілді. Бұл тұтынушылық себетін толықтай алғандағы жайт. Ал өздеріңіз де білетіндей, тұтынушылық себетіне азық-түлік тауарларымен қатар, азық-түліктік емес тауарлар, ақылы қызметтер кіреді. Дегенмен, бірқатар азық-түлік тауары, бірінші кезекте жеміс-жиектер мен көкөністердің бағасы басқа тауарлар мен қызметтерге қарағанда біршама қымбаттады. Ал кейбірі, мәселен, қияр мен қызанақ бағасы төмендеді», - деді комитет басшысы БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 7 айында республикадағы инфляция 4,9 пайызды құраған.

«Соңғы 7 айдың ішінде пияз - 72, сәбіз - 65, картоп - 45, қант - 22, қызылша - 21 пайызға қымбаттады», - деді Ә.Смайылов.