Қазақстанда бірқатар лауазымды тұлғалар пара алғаны үшін ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады, нәтижесінде бірқатар лауазымда тұлғалар ұсталды.

Қазақстанда бірқатар лауазымды тұлғалар пара алғаны үшін ұсталды

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы жүйелі негізде бағынысты қызметкерлермен қылмыстық сөз байласып, қауіпті техникалық құрылғыларды орнатқаны және есептен алғаны, газбен жабдықтау нысандарына жобаларды келіскені үшін кәсіпкерлерден 50-ден 200 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Күдіктінің жалпы сомасы 640 мың теңге пара алғаны туралы бірқатар фактілер анықталды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы мемлекеттік табыс департаментінің экономикалық тергеу қызметі бөлімінің басшысы ұсталды. Ол Ақтөбе облысы МТД басқармасы басшының орынбасарымен алдын ала сөз байласып, тұлғалар тобымен бопсалау арқылы «МИЛХАУС» ЖШС басшысын қылмыстық жауапкершіліктен босатқаны үшін жеке 15 000 доллар көлемінде пара алған.

Бұдан басқа «Павлодар қ. Төтенше жағдайлар басқармасы» ММ басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі «Rashat and Company» ЖШС заңгерімен қылмыстық сөз байласып, Павлодар қ. коммерциялық нысандарды пайдалануға енгізу актілерін келіскеніне пара алғаны үшін әшкереленді. Бұл ретте лауазымды тұлғаның заңсыз қызметінің артында жылжымайтын мүлік нысандарын пайдалануға беру немесе қайта жөндеу жобаларын оң шешкені үшін сомасы 500-ден 1000 долларға дейін пара мөлшері анықталды.

Сонымен 2015 жылғы 22 мамырда (Павлодар қ. коммерциялық нысанды пайдалануға енгізу бойынша қабылдау комиссиясының актілерін заңсыз келіскені үшін) делдал арқылы 90 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен аталмыш лауазымды тұлға ұсталды.