Қазақстанда бірқатар салаларда ең төменгі әлеуметтік стандарттар қолданылатын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төменгі әлеуметтік стандарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Еске сала кетейік, заң жобасына бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.
Заң жобасы әлеуметтік салада нормативтік қадамдарды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы бағыттағы қолданыстағы нормалар мен нормативтерді елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгерістеріне сәйкестендіру көзделеді, еліміздің әр өңірлеріне бірыңғай әлеуметтік саясат енгізуге жағдай жасайды, әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеудегі басты құралы ретіндегі әлеуметтік стандарттары айқындалады.
Құжаттың тұжырымдамалық негізін құрайтын қағидатқа сәйкес, мемлекет азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарттарды кепілдік етеді. Яғни, Конституцияда бекітілген азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік қызметтер мен ақшалай төлемдердің ең төменгі мөлшері кепілдендіріледі. Мұндай қағидат шапшаң өзгеріске ұшырап жатқан экономикалық жағдайға сәйкес, жаңартылатын және тиімді әлеуметтік саясатқа қатысты қазақстандық қоғамның артып отырған сұраныстарына жауап береді. Аталған заң жобасы қабылданса, ең төменгі әлеуметтік стандарттар бірқатар салаларда қолданылатын болады. Бұлардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау және медициналық көмек, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй мәселесі мен баспанаға көмек, білікті заңгер көмегі, еңбек және жұмыспен қамту, мәдениет және спорт мемлекеттік ұйымдары қызметіне қолжетімділік секілді салалар бар. Комитет құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.