Қазақстанда бірнеше рет қылмыс жасағандар татуласу құқығынан айырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірнеше қылмыс жасағандарды татуласу құқығынан айыру көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, осыдан бес жыл бұрын қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жаңа Қылмыстық кодекс және Қылмыстық-процессуалдық кодекс қабылданған болатын. Осы кодекстер қабылданған кезде қандай кемшіліктер бар, қандай нормалар бір-біріне қайшы келеді деген секілді сұрақтарды талдау қажеттілігі туындады. Бес жылдың ішінде 8 заңға өзгерістер енгіздік. Оның ішінде ізгілендіру, құқық қорғау органдарын ары қарай жетілдіру, адамдардың құқықтарын қамтитын мәселелер бойынша өзгерістер енгізілді», - дейді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов криминологиялық форумда.

Марат Ахметжановтың айтуына қарағанда, ұсынылып жатқан өзгерістердің бірінші әрі басты бағыты - адамдардың құқығын қылмыстық процесте қорғау болса, екіншісі - айыбы толық дәлелденіп жатса, айыпталушы қылмысқа байланысты жазасын толық қтеу мәселесі болып отыр. Сонымен бірге, халықаралық стандарттарды Қазақстанның заңнамаларына енгізу көзделген.

«Күзде осы заңнамамен Парламентке шығамыз ба деп отырмыз. Брінші тұжырым бойынша, бір-біріне қарама-қайшы келетін нормаларды ретке келтірмекпіз. 2014 жылы қабылданған кодекс бойынша тараптар татуласқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату құқығы енгізілген еді. Яғни, бұрын қылмыс бірнеше рет жасалса да, айыптыға татуласу құқығы берілетін еді. Демек, бұл орта дәрежедегі қылмыс болып есептелетін. Қазіргі заңнама бойынша біз бірнеше рет жасалған қылмысты ауыр дәрежедегі қылмысқа теңестірмекпіз. Яғни, бұл өзгеріс айыптыға татуласуға мүмкіндік бермейді. Яғни, қылмыс бірінші рет жасалса, татуласуға мүмкіндік беріледі. Қайталанса ондай мүмкіншіліктен айырылады», - дейді Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, бүгін Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға арналған криминологиялық форум өтіп жатыр. Форумға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Конституциялық кеңестің өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар