Қазақстанда Бірыңғай заңгерлер тізілімін құру ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігінің бастамасы бойынша өткен дөңгелек үстелде адвокаттар мен коммерциялық заңгерлер қызметіне кәсіби заңгерлік қызметті бөлу мәселесі қаралды.
Басқосуда үкіметтік емес ұйымдар, заңгерлік компаниялар, бизнес қауымдастықтар, өңірлік адвокаттар алқасы, кеңсе палатасы мен бағалаушылар палатасы өкілдері бірыңғай заңгерлер тізілімін құру қажеттілігі мәселесін талқылады.
ҚР Әділет министрлігі Тіркеу комитеті және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Алмат Рақышевтің айтуынша, адвокаттықты қоса алғанда, кәсіби заңгерлік қызмет «қандай жағдай болса да» шектеуге жатпайтын білікті заңгерлік көмек көрсетуге конституциялық кепілді құқықпен байланысты. «Халыққа көрсетіліп отырған заңгерлік қызметтің сапасы өзекті проблемаға айналып отыр. Заңгердің сапалы заңгерлік білімі әрі тиісті салада тәжірибесі болмаса, кәсіби маман болып саналмайды», - деді Алмат Рақышев.
«Сенімхат бойынша өкілге ерекше талаптар процессуалдық заңда көзделмеген. Өкіл деген ұғым көп жағдайларда, заңгерлік те, қандай да өзге жоғары білім деген мәртебеге ие емес, құқық саласындағы практикалық тәжірибесі мен теориялық білімі болмайды, моральдық-этикалық қағидаларға негізделмеген, тіпті соттылығы болуы мүмкін», -деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.
Оның пікірінше, кәсіби заңгерлік қызметті адвокаттар мен коммерциялық заңгерлер қызметіне бөлген дұрыс және мүшелігі азаматтық істер бойынша соттарда мүдделерін білдіру үшін негіз болатын Бірыңғай заңгерлер тізілімін құру туралы мәселені пысықтау керек. Бұл шаралардың Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарын есепке алып, заңгерлік қызмет көрсету жүйесін дамытудың ұлттық моделін қалыптастыруға септігі тиюі қажет.
Сондай-ақ форумда заңгерлік қызмет нарығындағы жұмыстарды оңтайландырудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Қазбар» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айгүл Кенжебаева заңгерлердің жаңа этика кодексін қабылдауды және заңгерлік қызмет нарығында қолдану үшін қатаң қағиданы біріздендіру мәселелерін ұсынды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша талқыланған мәселелер жөнінде ұсынымдар сараланды.