Қазақстанда битумды бірыңғай сатып алу тетігі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық битум өндірісі жол құрылысындағы қажет көлемді қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда битумды бірыңғай сатып алу тетігі енгізіледі

«Битум туралы айтатын болсақ, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес нақты қажетті көлем – жылына 1,7 млн тонна. Бұл көлемді отандық өндіріс қамтамасыз ете алмай жатыр. Бүгінде отандық үш зауыт жылына 1 млн тонна көлемінде битум өндіреді», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, отандық зауыттарда битум өндіру ресурс ұстаушының («ҚазМұнайГаз» АҚ) тапсырысы бойынша мұнайды қайта өңдеу жолымен жүзеге асырылады.

«Битум түріндегі дайын өнімді ресурс ұстаушы соңғы тұтынушыға сатады. Осы орайда баға саясатын ресурс ұстаушы белгілейді және реттейді. Битумды уақтылы жеткізу және бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі мәселені шешу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы тиісті келісімшарт жасау арқылы битумды ресурс ұстаушыдан бірыңғай сатып алуды қамтамасыз ететін болады», - деді ведомство басшысы.


Фото: kabar.kg