Қазақстанда білім алған 100-ден астам камбоджалық лауазымды қызметте жүр — Хун Манет
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда білім алған 120-дан астам камбоджалықтың бірқатары өз елінде губернатор, мемлекеттік хатшы және басқа да жауапты қызметтерді атқарып жүр. Бұл туралы Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет Қазақстан Президентімен келіссөздерде айтты.
Камбоджа Премьер-министрі екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың айрықша сипатына назар аударды.
— Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады, — деді Премьер-министр.
Хун Манет Камбоджа азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін айтты.
Тараптар жоғары деңгейде жүргізілген бүгінгі келіссөздер елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтып, іскерлік барыс-келісті нығайтуға және серіктестің тың бағыттарын жолға қоюға ықпал ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджаны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі деп атады.
Қос мемлекет энергетика және электронды үкімет саласында ынтымақтастықты кеңейтпек.