11:10, 09 Шілде 2013 | GMT +5
Қазақстанда болашақ спорт жұлдыздары студенттер арасынан іздестіріледі
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда болашақ спорт жұлдыздары студенттер арасынан іздестірілетін болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлім етті.
«Ерекше назарға студенттік спорт лайықты. Батыс елдерінің тәжірибесіне қарағанда университеттік командалардан жеңіс тұғырына олимпиада жұлдыздары мен жанкүйерлердің сүйікті спортшылары шығады»,-деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, осыған байланысты агенттік ҚР Білім және ғылым министрлігімен еліміздің жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде спорттық клубтардың жүйесін дамытуды бірлесе жүргізуде.
«Бұл өз кезегінде студенттер арасында спортты бұдан әрі қарай кеңінен насихаттауға, спорт инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді»,-деді Е. Қожағапанов.