Қазақстанда болған жер сілкінісі салдарынан Шыңжаң ӨҚК-на 110 млн. астам юань көлемінде шығын келтірілді

БЕЙЖІҢ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда 28 қаңтар күні болған 6,1 балдық жер сілкінісі Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының (ШӨҚК) 8 мыңнан астам қызметкерінің мүлкіне шығын келтірді.

Қазақстанда болған жер сілкінісі салдарынан Шыңжаң ӨҚК-на 110 млн. астам юань көлемінде шығын келтірілді

Дүлей апат салдарынан ШӨҚК-на келтірілген экономикалық шығын 110 миллион юаньнан асты, деп хабарлайды «Чжунсинь» сайтынан.

Жерасты дүмпулер салдарынан Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Шыңжаң корпусының 4-ші дивизиясының әсіресе 74,75,76 және 77 полктары көп зардап шекті. Дүлей апат салдарынан тұрғын үй құрылыстары, азаматтық инженерлік құрылыстар, мал қоралары бүлініп, қиралды.

Ақпарат бойынша, ШӨҚК-ның 8075 қызметкерінің мүлкіне шығын келтірілді, 1091 баспана мен 174 мал қорасы бүлінді. Экономикалық шығын 110 миллионнан астам юаньды құрады.

Төртінші дивизияның командованиесі дүлей апат салдарынан зардап шеккендерге шатырлар, киім-кешек, аяқ киім және азық-түлік ұсынды. 2 миллион юань көлеміндегі қосымша қор құрылды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.