Қазақстанда бөлшек сауда көлемі 4,7 пайызға жоғарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қаңтарда бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4,7 пайызға жоғарылап, 446,3 млрд. теңгені құрады. 2015 жылғы қаңтарда сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2014 жылғы қаңтарға қарағанда 251,1 млрд. теңгені құрады немесе нақты мәнде 3,4 пайызға артты.

Қазақстанда бөлшек сауда көлемі 4,7 пайызға жоғарылады

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Комитет ақпаратына қарағанда, 2015 жылғы қаңтарда базарлармен және жеке кәсіпкерлермен сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғарылап, аталған өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 43,7 пайызды құраған. Сонымен қатар, бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басымдыққа ие болып, ол бөлшек сауданың жалпы көлеміне 66 пайызға ие болды. Бұдан бөлек, азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға өссе, азық-түлік тауарлары 1 пайызға ұлғайған.

«2015 жылғы 1 ақпанға бөлшек саудадағы саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауарлық қорларының көлемі 296,2 млрд. теңгені құрады. 2015 жылы қаңтардағы жағдай бойынша бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі аса жоғары үлес Алматы қаласы (31,7 пайыз), Астана қаласы (10,3 пайыз) және Қарағанды облысына (9,8 пайыз) тиесілі болып отыр», - делінген баспасөз баянында.