Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 11,5 мың шетелдік жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 11,5 мың шетелдік жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Бауыржан Максимов мәлім етті.
«Учаске» жедел-алдын алу шарасы осы жылдың 16 қыркүйегінен бастап үздіксіз өткізілуде. Сол уақыттан бастап тәртіп сақшылары 4 миллионнан астам пәтерлер мен жеке үйлерді аралап шықты. Жалға берілетін 7 мыңға жуық пәтер анықталып, олар туралы ақпарат «салық» органдарына жіберілді. Қоғамдық орындарды ластағаны үшін 10 мың адам, сонымен қатар қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны және үй мүліктеріне зақым келтіргені үшін 2 мың бұзақы жауапқа тартылды», - деді басқарма бастығы министрлікте өткен брифингте.
Оның дерегінше, түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген 2 мың кәмелетке толмаған бала анықталды.
«Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 11,5 мың шетелдік жауапқа тартылды. 38 мыңнан астам шаруа қожалықтары тексерілді. Айта кету керек, объектілерді аралау кезінде өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына да назар аударылды», - деді Бауыржан Максимов.