Қазақстанда болжанған алтын ресурстарының қоры 10 мың тоннаны құрап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда болжанған алтын ресурстарының қоры 10 мың тоннаны құрап отыр.

Қазақстанда болжанған алтын ресурстарының қоры 10 мың тоннаны құрап отыр

Бұл туралы бүгін «Геология 360» конференциясы барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Ақбатыр Надырбаев айтты.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда Р1, Р2 категориясы бойынша болжанған алтын ресурстарының қоры 10 мың тоннаны құрап отыр. Олардың 50 пайызы жақын болашақта өнеркәсіптік санатта игеріледі деп жоспарлануда.

«Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде осындай көрсеткішті болжап отырмыз. Егер осы аймақтарда геологиялық барлау жұмыстарын одан да тереңдете түссек, тағы да 4 мың тонна алтын қорын өнеркәсіптік санатта болжауға болады», - деді Ақбатыр Надырбаев.

Жалпы алғанда, Қазақстанда А, В, С санаттарындағы игеруге дайын алтын қорының көлемі 1159 тоннаны құрап отыр.

«1107 тоннаны құрайтын С2 санатына жататын алтын қоры әлі де зерттеуді талап етеді. Сондықтан, бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасады», - деп қорытындылады ҚР ИЖТМ вице-министрі Нұрлан Сауранбаев.