Қазақстанда Борышкерлердің бірыңғай реестрі құрылады
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда Борышкерлердің бірыңғай тізілімі құрылмақ.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан атқарушылық өндіріс жүйесін жаңарту жөніндегі ведомствоаралық жиналыста ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлім етті.
«Комитет тарапынан жаңа ақпараттық жүйені құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдармен ықпалдастық арқылы борышкер жөнінде мәлімет алуға, автоматты түрде шектеулерді енгізуге және оған тыйым салуға мүкіндік береді. Осы орайда адами факторды төмендетуге мүмкін болады. Әзірленіп жатқан жүйенің аясында «Борышкерлердің бірыңғай реестрі» құрылып, жұмыстар борышкерлерді есепке алуға, оларды мемлекеттік және басқа да қызмет түрлерінен шектеуге, белгілі бір құқықтарынан айыруға бағытталмақ»,-деді комитет басшысы.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, санкциялар алименттерді, еңбекақыны төлемейтіндерге, қылмыстан келген шығынды өтемейтіндерге қатысты таралатын болады.