Қазақстанда босқын мәртебесі бар адамдарға қатысты ережелер өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі босқын мәртебесі бар адамдарға жол жүру құжаттарын беру қағидаларын жаңартуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжат Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2021 жылғы 5 наурыздағы №134 бұйрығына — «Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Атап айтқанда, бұл «Жол жүру құжатын беру» мемлекеттік қызметіне қатысты.
Өзгерістер 2026 жылғы 9 қаңтарда қабылданған «Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға байланысты әзірленіп отыр. Сонымен қатар нормалар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкестендіріледі.
Не өзгеруі мүмкін
Жоба аясында босқындарға берілетін және Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуға мүмкіндік беретін жол жүру құжатын рәсімдеу тәртібі нақтыланады.
Соның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін цифрландыруға бейімдеу және терминологияны жаңарту көзделген. Мысалы, «ақпараттандыру» ұғымы «цифрландыру» терминімен ауыстырылуы мүмкін.
Сондай-ақ құжатта қызмет көрсету рәсімінің қолданыстағы заңнамаға сай нақтырақ реттелуі қарастырылған.
Бұрын қалай болған
2021 жылғы ІІМ бұйрығына сәйкес, босқын мәртебесі бар адамдарға жол жүру құжатын беру стандартты тәртіппен жүзеге асырылып келген. Алайда онда цифрландыруға қатысты жаңа тәсілдер мен кейінгі заңнамалық өзгерістер толық ескерілмеген.
Айта кетейік, жоба бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады.
Осыдан бұрын ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыс елдерінен босқындарды қабылдау ықтималдығына қатысты Қазақстанның ұстанымын түсіндірді.