13:50, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанда босқындардың құқықтары заңмен реттелетін болады
АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Қазақстанда босқындардың құқықтарын заңмен реттеу қажет. Осы мақсатта Үкімет жаңа заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына ұсынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде бұл құжатты дайындаудың мақсаты жазылған. Онда: «Мемлекетіміздің қалыптасып жатқан және жүзеге асырылып жүрген көші-қон саясатына сәйкес, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан босқындар проблемаларын шешуге белсенді араласуда. Бұл Қазақстанның таңдап алған бағытының Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен Адам құқықтарының жалпы декларациясымен бекітілген мақсаттар мен қағидаттарға берілгенінің дәйекті жалғасы болып табылады. Ол 1998 жылғы желтоқсанның 15-інде «Қазақстан Республикасының Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы туралы» Қазақстан заңының қабылдануымен расталды»,- делінген. «Босқындар туралы» заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық алдында босқындарға қатысты белгілі бір міндеттемелер алуына негізделгені атап өтіледі. Заң жобасында Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы қолдаухат беру мен оны тіркеу, босқын мәртебесін анықтау және оны беру тәртібі, босқындар мен Қазақстанда баспана іздеген тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ баспана іздеген тұлғаға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері көзделген. Заң жобасын іске асыруға 2010-2011 жылдарға республикалық бюджеттен 3 млн 718,4 мың теңге сомасында қаражат бөлу ұйғарылып отыр.