Қазақстанда бояулар мен құбырлар арзандады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2019 жылдың наурызында құрылыстағы бағалар 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 0,1%-ға, қаңтар-наурызда 2,9%-ға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап.
Биыл наурызда өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда құрылыс-монтаждық жұмыстарға баға 0,3%-ға төмендесе, машина мен құрал-жабдықтарға 0,8%-ға артқан. Ал, басқа да жұмыстар мен шығындарға 1,7%-ға қымбаттаған. 2019 жылдың бірінші тоқсанында 2018 жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда сәйкесінше 3%, 1,5% және 4,5%-ға жоғарылаған.
Жыл басынан құрылыс ұйымдары сатып алған материалдар, бөлшектер мен құрылымдар бағасының индексі 100% құрады.
Силикат пен шлак кірпіштерінің бағасы 3,9% -ға, керамикалық плиткалар мен плиталар 2,7% -ға, гипсокартон 1,3% -ға, фиброцемент - 1,1% -ға, цементтің - 1% -ға артты. Электр өлшейтін жабдықтар 5,5%-ға, бояулар мен эмальдар 2,5%, гипс - 0,5%, құрылыс ерітінділері - 0,4%-ға, құбырлар - 0,1%-ға арзандады.