Қазақстанда бойжеткендерге қарағанда бозбалалардың саны 58 мың адамға артық - Статистика агенттігі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республика бойынша 2010 жылдың басында 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың саны - 4 млн. 616 мың адамды құрады. Оның ішінде, 2 млн. 337 мыңы ер балалар, 2 млн. 279 мыңы қыздар. Яғни, пайыздық арақатынысты алсақ, онда 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың 50,6 пайызы ұлдар, 49,4 пайызы қыз балалар. Жастар арасында бойжеткендерге қарағанда бозбалалардың саны көп. Яғни, 10 бойжетке 10-нан сәл астам бозбаладан келеді», деді бүгін bnews.kz порталында өткен оnline-конференцияда ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов.
Агенттік төрағасы, дейтұрғанмен, жалпылама алғанда еліміз бойынша ерлерге қарағанда әйелдердің саны көп екенін атап көрсетті. «Қазақстан бойынша жалпы алғанда 1000 әйел адамға 928 ер адамнан келеді. 29 жасқа дейінгі жастар жайлы айтсақ, 1000 әйел адамға 1037 ер адамнан келеді. Яғни, 29 жасқа дейінгі ер азаматтардың саны әйел азаматтардан көп. Ал, 30 бен 64 жас аралығындағы топ жайлы айтсақ, елімізде бұл жас аралығындағы әйелдердің саны ерлерден көп, бұл жас тобында 1000 әйелге 888 ер адамнан келеді. Ал, 65 жастан жоғары топқа келсек, 1000 әйелге бар-жоғы 528 ер адамнан келеді. Бұл аталмыш жастан кейін ерлер арасындағы өлім-жітімнің әйелдерге қарағанда көптігімен байланысты», деді Ә. Смайылов.