Қазақстанда бір грамм алтын қанша тұрады
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда соңғы бір аптада алтын арзандады. Ұлттық банктің 6 тамыздағы дерегіне сәйкес, бір грамм алтынның бағасы 61 444,62 теңге болды.
Бір апта бұрын, 30 шілдеде, бағалы металдың бір грамы 61 889,33 теңге болған. Осылайша, бір апта ішінде алтынның бағасы 444,71 теңгеге арзандаған.
Бұған дейін Қазақстанның 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша орталық банктер арасында алтынды ең көп сатып алған бес елдің қатарына енгені хабарланған болатын.
World Gold Council деректеріне сәйкес, осы кезеңде Қазақстан Ұлттық банкі өзінің алтын қорын 15 тоннаға ұлғайтқан.
Жалпы алғанда, сәуір мен маусым айлары аралығында әлемнің орталық банктері шамамен 289 тонна алтын сатып алған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62%-ға көп.
Дүниежүзілік алтын кеңесі алтынға деген сұраныстың артуын геосаяси белгісіздікпен, тоқсан ішінде бағалы металдың бағасының төмендеуімен және мемлекеттердің халықаралық резервтерін әртараптандыруға ұмтылуымен түсіндірді.