Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — 3 қыркүйекте Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында екі орман өрті анықталды. Төтенше жағдайлардың бірі Павлодар облысында, екіншісі Батыс Қазақстан облысында болған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге орман шаруашылығы мекемелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
— Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде екі өрт те қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толық сөндірілді, — дейді мамандар.
Мамандар өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында демалатын азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Табиғатта от жаққан жағдайда оны қараусыз қалдырмай, демалыс аяқталған соң толық сөндіру қажет. Сондай-ақ сөндірілмеген темекі тұқылын және сіріңкені құрғақ шөп пен орман аумағына тастауға болмайды.
Осыған дейін жыл басынан елордада 500-ден астам өрт тіркелгені белгілі болды.