Қазақстанда бір тәулікте екі орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы 22 тамызда республика бойынша 2 орман өртенді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Өңірлер бойынша:
- Ақтөбе облысы — 1 өрт;
- Бұрабай МҰТП — 1 өрт.
Орман алқаптарындағы жағдайды бақылау әуеден және жерден тұрақты жүргізіліп келеді. Мониторинг барысында анықталған өрт ошақтарына тиісті қызметтер дереу бағытталып, оларды жоюға қажетті адам күші мен арнайы техника тартылды.
Қазіргі таңда өрт орындарында орман шаруашылығы мамандары мен РМҚК «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері жұмыс атқарып жатыр. Жауынгерлік топтардың басты міндеті — өртті белгіленген шекте ұстап, оның жаңа учаскелерге өтуіне жол бермеу. Қызметкерлер жалынды басу, аумақты толық қауіпсіздендіру және қайта тұтану ықтималдығын тексеру шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатыр.
— Осыған байланысты тұрғындар мен табиғат аясында демалушылардан ерекше жауапкершілік танытуды сұраймыз. Орман және дала аумақтарында от жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, жану қаупі бар заттарды пайдалануда барынша мұқият болыңыздар. Табиғи аумақта отты қараусыз қалдырмау және өртке себеп болуы мүмкін кез келген әрекетке жол бермеу маңызды, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын «Ертіс орманында» өрт шыққанын жазғанбыз.