Қазақстанда бірқатар елдің депутаттары трансшекаралық су ресурстары мәселесін талқылайды

ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының делегациясы Қазақстанға сапармен келеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«2024 жылғы 8-9 сәуірде Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Фарах Карими бастаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) делегациясының Қазақстанға сапары өтеді. Делегация құрамына Аустрия, Испания және Нидерланд ұлттық парламенттерінің мүшелерімен қатар, Қырғызстан мен Өзбекстан депутаттары да кіреді», - деді А. Смадияров ведомстводағы апталық баспасөз мәслихатында.

Сапардың мақсаты – парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, таза энергияны дамыту және еліміздің саяси өміріндегі әйелдер мен жастардың рөлін ілгерілету мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.

«Сапар бағдарламасында Ф. Каримидің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сыртқы істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылығымен кездесу өткізуі жоспарланған. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы мен Аралдың халықаралық құтқару қорының басшылығымен келіссөздері жоспарланған. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанға ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясының (2024 жылғы 29 маусым – 3 шілде) алаңдарында Бухарестте (Румыния) Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тақырыбына сайд-ивент өткізу, сондай-ақ аталған іс-шарада қаралатын тиісті қарардың жобасын әзірлеу ескерілген», - деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum