Қазақстанда бүгін гепатит ауруының алдын алуға арналған дәстүрлі айлық басталады

АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Жыл сайын 28 шілдеде Бүкіләлемдік гепатиттермен күрес күні атап өтіледі. Осыған орай Қазақстанда дәстүрлі түрде гепатит ауруының алдын алуға арналған дәстүрлі айлық шарасы өткізіледі. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда бүгін гепатит ауруының алдын алуға арналған дәстүрлі айлық басталады

Айлық шеңберінде республика өкірлерінде тұрғындар арасында гепатиттің алдын алуға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, медициналық қызметкерлер үшін оқыту семинарлары мен тренингтер, профилактика, диагностика және емдеу мәселелері бойынша кеңестер берілетін «ашық есік күндері» ұйымдастырылады.

Қан қызметін жетілдіру - еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін басым бағыттардың бірі. Қолданылатын қан компоненттерінің инфекциялық және иммунологиялық қауіпсіздігін арттыру үшін Қазақстанда соңғы жылдары заманауи құралғылармен жарақтандырылған 10 жаңа қан орталығы салынды. Қан және оның компоненттерін әзірлейтін және өңдейтін автоматтандырылған қазіргі заманғы технологиялар енгізіліп, 300-ден астам маман біліктіліктерін арттырды.

Республиканың барлық өңірлерінде донорлар қаны екі сатыда: иммуноферменттік сараптама (ИФА) және полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) әдістері арқылы автоматтандырылған құрылғылар арқылы зерттеледі.

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында қан әзірлеу шарттары ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірістік үрдіс толықтай автоматтандырылған. Қан компоненттерінің сапасына автоматтандырылған зертханалық бақылау жасалатындықтан, адам факторына жол берілмейді. Мұндай әдістер халықаралық стандарттарға сай келеді және CDC халықаралық сарапшылары сертификаттаған.

Орталықта қан құюдың абсолюттік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Зарарлы немесе зерттелмеген қанды өткізбейтін құрылғылар орнатылған. Әрбір құйылған қанның үлгісі қалдырылып, әрі қарайғы сараптама үшін 5 жыл бойына сақталады. Кез-келген донор немесе реципиент қан сапасына күмәнданса, сақтап қойылған қан үлгісіне сараптама жасауды талап ете алады.

Донорлар қоры жасақталған. Әрбір донор қан өткізгенге дейін жіті тексеруден өткізіледі. Автоматтандырылған есеп жүйесі кездейсоқ адамдардың донорлар қатарына еніп кетуіне мүлдем жол бермейді.

Орталық күн сайын Астананың 22 медициналық ұйымына 80 литрге дейін қан мен оның компоненттерін жеткізеді. Тек соңғы 6 айдың ішінде 5202 науқасқа 10 мыңнан астам литр қан және қан компоненттері құйылды. Осы уақыт ішінде Астанада вирусты гепатиттің 10 оқиғасы тіркелді, бірақ олардың бірде-біріне қан құйылмаған.

Бүкіләлемдік банк жобасы шеңберінде шетелдік сарапшылармен бірлесе отырып, отандық қан қызметін халықаралық тәжірибеге сай аккредиттеу стандарттары әзірленді.

Бүгінгі таңда республиканың қан орталықтары қызметін тұрақты негізде тексеріп отыратын жүйе жұмыс істейді. 2012 жылдан бастап референс-зертхана қызмет ете бастады және қан қызметіндегі зертханалық зерттеулер сапасын сырттай бағалау бағдарламасы енгізілді.

Соңғы бір жылдың ішінде Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы 3 мәрте кешенді тексеруден өткізілді.