Қазақстанда бұқаларды экспорттауға тағы алты айға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ірі қараның еркек төлін шетелге шығаруға қойылған тыйым тағы алты айға ұзартылды. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге де қатысты.
Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылғы 5 қарашада қол қойды. Құжатқа сәйкес, алдағы алты айда ірі қараның еркек төлін елден әкетуге рұқсат берілмейді. Бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне жүктелді.
Айта кетейік, Қазақстанда мұндай шектеу алғаш рет енгізіліп отырған жоқ. Бұқаларды шетелге шығаруға 2025 жылғы шілдеде тыйым салынып, содан бері оның мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін мұндай шешім елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық ет өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамту мақсатында қабылданғанын түсіндірген.
Жаңа бұйрық 2026 жылғы 9 қарашадан бастап күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын экспорттауға алты айға тыйым салынғаны хабарланды.