Қазақстанда Бүкiләлемдiк азық-түлiк және ауылшаруашылық ұйымының кеңсесi ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда БҰҰ Бүкiләлемдiк азық-түлiк және ауылшаруашылық ұйымының кеңсесi ашылады. Бұл туралы бүгiн VII Астана экономикалық форумында ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерiндегi аймақтық директоры Владимир Рахманин мәлiм еттi.
Оның сөзiне қарағанда, Қазақстан маңызды ауылшаруашылық державасы болып табылады. Владимир Рахманин Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiне уақытша мүшелiк ету құқығы аясында азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселесiн бiрiншi орында ұсынуды жоспарлап отырғаны заңдылық екенiн де атап өттi. "Бүкiләлемдiк азық-түлiк және ауылшаруашылық ұйымы Қазақстан үкiметiмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бiз әрiптестiктiң деңгейiне қанағаттанып отырмыз және бұл байланыстарды одан жоғары сатыға, жоғары деңгейiне көтеруге болады. Қазiр соңғы қадам ретiнде Қазақстанда ұйымның кеңсесiн ашу мәселесi талқылануда", - дедi ол.