Қазақстанда Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының штаб- пәтері ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының штаб-пәтері ашылады. Бұл туралы WBA Президенті Жилберто Мендоза баспасөз конференциясында жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астанада өткен WBA Президенті Жилберто Мендоза мен ұйым өкілдері және Бейбіт Шүменов қатысқан баспасөз мәслихатында Қазақстанда кәсіби боксты дамыту мәселелері қозғалды.
Жилберто Мендоза Қазақстанда бокстың алға қойылғанын және қазақстандық боксшылардың әлемдік тұрғыда жоғары нәтиже көрсеткіші барын айта келе кәсіби боксты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстанда Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының штаб-пәтері ашылатынын сөз етті.
«Астанада өткен директорлар кеңесінің отырысы нәтижесінде WBA-ның Қазақстанда аймақтық штаб пәтерін ашуды шештік. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев мырзамен де кездесіп, екіжақты талқыладық. Қазақстанның бокстан әлеуеті жоғары, бұдан бөлек әлемдік деңгейге шықпай жүрген қаншама таланттар бар. Штаб пәтер мәселесіне келсек қазір келісімдер жасалу үстінде, барлығы ойдағыдай болса үстіміздегі жылдың аяғы немесе 2019 жылдың басында ашамыз», -деді WBA Президенті.
Одан бөлек штаб-пәтерге аймақтық титул беріледі. Яғни, Қазақстандағы штаб-пәтер бірнеше мемлекеттің боксшыларының басын құрайтын орталық болады.
«Қазақстанда әлемдік ұйымның өкілдігін ашу мәселесін біраз келісіп, талқыладық. WBA-ның штаб пәтері ашылса біз үшін тарихи оқиға, себебі бүкіләлемдік бокстың ортасында боламыз. Бұл ұйымның атынан Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Джонс, Флойд Мейвезер секілді бокс аңыздары шыққан. Ал біз үшін ең бастысы елімізден жаңа таланттардың шығуына септігін тигізеді», - деді Бейбіт Шүменов.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар аймақтық штаб-пәтер құрамында Қазақстаннан басқа қандай мемлекеттер болатыны анықталу үстінде екенін ескертті.
Одан бөлек, бүкіләлемдік бокс ассоциациясының штаб пәтері ашылғанда әлемдік деңгейдегі бокс бәсекелерінің Қазақстандада өтетіндігін және сол шараларды HBO, NBC, Showtime телекомпанияларының Қазақстанға келіп трансляция жасайтынын айтты.