Қазақстанда бұрқасындатып, қар жаууы үдей түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық аумағында дерлік атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, республиканың солтүстік-батысында түнде кей жерлерде күшті жауын-шашын болып, соңы қарға айналады, тұман түседі, көктайғақ болады, бұрқасын көтеріледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Қазақстанда бұрқасындатып, қар жаууы үдей түседі

Алматы облысында кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болады, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді, Жалаңашкөл ауданында желдің ұйтқуы 25 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болуы күтіледі, желдің күшеюі 15-20 м/с-қа, Ақмола облысында ұйытқуы 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 17-22 м/с-қа дейін күшейіп, бұрқасындатады, көктайғақ болады.

Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл облыстарында кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, тұман түседі, көктайғақ болады.

Оңтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түседі, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Павлодар облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, көктайғақ болады.

Сонымен қатар, таяудағы тәуліктерде республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы өзендерде су деңгейі құбылады. Республиканың оңтүстігіндегі аласа таулы өзендерде жауын-шашынның мол түсуінен су деңгейі көтеріледі. Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық облыстарындағы су нысандарында қысқы режим сақталады.