Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды жол салу жұмысы жүріп жатыр - Асқар Мамин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды жол салу жұмысы жүріп жатыр - Асқар Мамин

Оның айтуынша, биыл осы бағдарлама жобаларын іске асыруда 200 мың адам жұмыспен қамтылады. Олар 4 мың шақырым жол құрылысымен және қайта жаңартумен айналысады. Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Балқаш-Қапшағай, Қалбатау-Майқапшағай, Мерке-Бурыл-Байтал, Үшарал-Достық, Ақтөбе-Астрахан, Ұзынағаш-Отар, Петропавл-Ресей шекарасы, Қостанай-Денисовка сынды 2,6 мың шақырым жол пайдалануға беріледі.

«Биыл республикалық маңызы бар жолдарды пайдалануға беру көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Сонымен бірге, жергілікті маңызы бар 3,5 мың шақырым жол жөндеуден және құрылыстан кейін пайдалануға беріледі. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымды жолдар салу бойынша жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан біздің міндетіміз - оларды толығымен және уақытында орындау. Сол себепті, осы міндеттерді орындау үшін барлық күшті жұмылдыру қажет», - деп атап өтті Премьер-Министр Үкіметтің онлайн отырысында.

Осыған қарай Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырмалар жүктеді.

«Әкімдіктермен және Қазавтожолмен бірлесіп, осы жылға жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз ету керек. Құрылыс маусымын барынша тимді пайдаланудың маңызы өте зор. Карантин жағдайына байланысты кейбір елді мекендерде нысандарға жанар-жағармайды, жол-құрылыс материалдарын және техниканы кедергісіз жеткізу үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз ету қажет», - деді ол.

Екіншіден, жолдарды сапалы деңгейде күтіп-ұстау үшін және бюджетке түсетін түсімдерді арттыру үшін жыл соңына дейін 5,7 мың шақырымды құрайтын жолдарды ақылы жүйеге ауыстыру бойынша жұмыстарды аяқтау қажет.

«Үшінші, автожолдардың ауқымды құрылысы отандық құрылыс материалдарын пайдалануды талап етеді. Сондықтан, Индустрия министрлігіне отандық құрылыс материалдары өндірісі қуатын барынша іске қосуды тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Бұған дейін Премьер-Министр карантиндік режимді біртіндеп жеңілдету жұмыстары жөнінде пікір білдірген еді.