Қазақстанда БҰҰ агроұйымының ашылуы: Инвестиция көлемі қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі жылда БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Қазақстанда құны 130 млн доллар болатын бірқатар жобаны іске асырмақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда БҰҰ агроұйымының ашылуы: Инвестиция көлемі қандай

«Бүгінге дейін ФАО Қазақстанда жалпы гранттық қаржыландыру сомасы 65,5 млн долларды құрайтын 70-тен астам жобаны жүзеге асырды. Оның үстіне, 2018-2019 жылдары ФАО құны 130 млн долларды құрайтын тағы 7 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», - деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

Жалпы ФАО туралы айтар болсақ, ұйым - аштыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық әрекеттерді басқаратын Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің агенттігі. ФАО штаб-пәтері Римде (Италия) орналасқан. Шығыс Еуропа, Орталық Азия және ТМД аймағы ФАО-ның Будапешттегі аймақтық кеңсесінен басқарылады. Қазақстанмен әріптестігі 1997 жылы ФАО-ға мүше болғаннан бері дамып келеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Бұл Бюро уәкілетті мемлекеттік органдардың жақындығын ескеріп, агроөнеркәсіптік кешен саласында күнделікті тығыз жұмыс жүргізу үшін Астана қаласында орналасатын болады. Сондай-ақ БҰҰ ұйымдарының Хабын құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасының аясында келешекте Алматы қаласында филиал ашылуы жоспарланған.