Қазақстанда БҰҰ-ның гуманитарлық қоймалары құрылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда БҰҰ-ның гуманитарлық қоймалары құрылуы мүмкін. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Владимир Божко мәлім етті.

Қазақстанда БҰҰ-ның гуманитарлық қоймалары құрылуы мүмкін

Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданған болатын. Министр міндтін атқарушы В. Божконың айтуынша, Алматы қаласында құрылатын Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталыққа БҰҰ Аймақтық құрылымдары, Германияның, Жапонияның және басқа да елдердің халықаралық ынтымақтастық агенттіктері қызығушылық танытып отыр. Көптеген ұйымдар аталмыш орталықты төтенше жағдайлар саласындағы жобаларды жүзеге асыратын алаң ретінде қарастыруда. «Сонымен қатар, БҰҰ-ның белсенді қолдауы нәтижесінде құрылатын Төтенше жағдайлар жөніндегі Орталық Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Алматы қаласында көпжақты дипломатиялық хаб құру туралы жүктеген тапсырмаларын да орындауды мақсат тұтады. Ал Орталықтың жұмысы аясында БҰҰ-ның Қазақстандағы гуманитарлық қоймаларын құру мәселесі қарастырылады. Ондай қоймалар Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттерге гуманитарлық көмектер көрсетуге бағытталады, ал ол қоймаларды материалдық қорлармен толықтырып отыру қазақстандық тауар өндірушілерге жүктелуі де мүмкін», - дейді В. Божко.