Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеу стандарты жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда бүйрек ауруларын ерте анықтауға, уақтылы емдеуге, сондай-ақ диализ бен бүйрек трансплантациясының қолжетімділігін арттыруға бағытталған нефрологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа стандарт пациенттің емханадағы диагностикадан бастап, мамандандырылған ем алуға, диализге және медициналық көрсетілімдер бойынша бүйрек трансплантациясына дейінгі бірыңғай бағытын қарастырады.
Елімізде 14 мыңнан астам пациент диализдік ем қабылдап жүр. Бұл бағытта Республикалық нефрология орталығы және Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жұмыс істейді.
Жаңартылған стандартты талқылау және нефрология саласын дамыту мәселелері Ақтауда өткен Орталық Азия нефрологтарының конгресінде қаралды. Жиынға Қазақстан, АҚШ, Италия, Польша, Түркия, Әзербайжан және Беларусь елдерінен 310 маман қатысты.
Сарапшылар бүйрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, диализ қызметін және бүйрек трансплантациясын дамыту мәселелерін талқылады.
-Біздің міндетіміз – бүйрек ауруларын ерте кезеңде анықтап, емнің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіріп, мамандандырылған орталықтарды дамытып, медицина кадрларын даярлап жатырмыз. Бүгінде резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алып жатыр. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланған, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының басшысы Майра Абдразақ.
Цифрландыру да дәрігерлердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қалыптастырылып жатқан E-Densaulyq жүйесі мамандарға пациенттің қай өңірде немесе қай медициналық ұйымда ем алғанына қарамастан, оның медициналық тарихына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Конгресс қорытындысы бойынша ерте диагностикалауға, мамандар даярлауға және емнің қолжетімділігін арттыруға басымдық бере отырып, нефрологиялық қызметті дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басымдығы – бүйрек ауруларын уақтылы анықтау, олардың үдеуін баяулату және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету.
Айта кетейік, Қазақстанда төрт мыңнан астам адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр.