Қазақстанда Чехия мен Польшадан әкелінетін алкоголь өнімдеріне бақылау күшейтіледі

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Чех Республикасында және Польша Республикасында алкоголь өнімін пайдалану салдарынан адамдар өлімінің орын алуына байланысты Қазақстанға аталған елдерде шығарылған алкаголь өнімдеріне бақылау күшейтіледі.

 Қазақстанда Чехия мен Польшадан әкелінетін алкоголь өнімдеріне бақылау күшейтіледі

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Атап айтқанда Чехияда шығарылған арақты және ромды пайдалануда өлім-жітім жағдайларының тіркелуіне байланысты Қазақстан Республикасының санитариялық қызметі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің аумақтық департаменттеріне Чехия  мен Польшада шығарылған, күштілігі 20 градустан жоғары алкоголь өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және оның айналымына бақылауды күшейту туралы тапсырма берді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Чехияда сапасыз алкогольдік сусынынан адамдардың жаппай улануынан төтенше жағдай жарияланған болатын. Атап айтқанда, арзан арақ пен ромға қосылған метанолдан уланған 15 адам көз жұмып, 24-і ауруханаға түскен еді. Кейін Чехия полициясы контрафактілік алкоголь бүкіл елде сатылып жатқанын анықтады. Елдің премьер-министрі Петр Нечас отандастарын «қалай жасалғаны беймәлім алькогольдан» бас тартуға шақырған-ды.