Қазақстанда дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары 66% аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров дәнді-дақылдарды жинау жұмыстарына қатысты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн га құрады. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар алаңы - 15,8 млн га. Биылғы егіс науқаны қатаң карантин режимінде өтті, жаз маусымы да өткен жыл сияқты құрғақ болғаны белгілі. Төтенше жағдай режиміне қарамастан, егіс науқаны сапалы жүргізілді. Сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық жарақтандыруды арттыру бойынша уақтылы қабылданған шаралар қатаң климаттық жағдайдың әсерін жұмсартуға мүмкіндік берді», - деді Айдарбек Сапаров бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, күтілетін өнім – ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға және олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыруға бағытталған барлық агротехнологиялық іс-шаралардың нәтижелері. Биыл егін жинау жұмыстары уақтылы басталып, қазіргі кезде республиканың барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Науқанының қарқыны өткен жылғыдан жоғары.

«Дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары Жамбыл облысында аяқталды.Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында – аяқталу сатысында. Жедел деректерге сәйкес бүгінгі күні республика бойынша барлығы 10,5 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы алаңының 66% жиналған. Орташа өнімділік 11,7 ц/га құрап, 12,2 млн тонна астық бастырылды. Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған ең басты міндет – өсірілген егінді шығынсыз жинау», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар