Қазақстанда демалыс саласындағы инвестиция 2 есеге артқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 8 айында өнер, ойын-сауық және демалысқа бағытталған инсвестиция көлемі 56 миллиард теңге болса, оның 9 миллиарды Астанаға тиесілі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда демалыс саласындағы инвестиция 2 есеге артқан

Өнер, ойын-сауық және демалысқа салынған инвестиция екі жыл бойы төмендеген еді. Ал 8 айдың қорытындысы бойынша инвестиция өткен жылға қарағанда екі есеге артқан, яғни 28,6 млрд теңгеден 56,1 млрд теңгеге дейін жеткен. Соңғы рет ойын-сауық саласындағы инвестиция 2015 жылы өскен еді.

Өңірлерді жекелей алғанда, Астананың үлесі биыл 9,2 млрд теңге болып отыр. Бұл көрсеткіш былтыр 2 млрд теңгені құраған еді. Одан кейін ШҚО - 7,5 млрд тг (былтыр 241,6 млн тг), Ақтөбе - 5,7 млрд тг (былтыр 1,6 млрд тг) тұр. Қазақстанның мәдени астанасы - Алматы алтыншы орынды иеленген - 4,3 млрд тг (былтыр 1,7 млрд тг).

Өнер, ойын-сауық және демалыс салаларындағы инвестициялық салымның негізгі көзі - жергілікті бюджет, 8 айдың ішінде 26,7 млрд тг бөлінген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп - 10,1 млрд тг. Қаржыландырудың екінші көзі - бизнестің жеке қаражаты. Бұл инвестиция 21,3 млрд тг (былтыр 9,4 млрд тг) болып отыр.

Республикалық бюджет есебінен 3,7 млрд тг инвестицияланған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 4,6 млрд теңгені құраған.