Қазақстанда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің жоғары білікті мамандарына сұраныс көп

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында біліктілік деңгейі жоғары мамандарға сұраныс 1 432 адамды құрайды. Бұндай біліктілік деңгейі жоғары мамандарға сұраныс өнеркәсіп саласында - 847 адам, білім беруде - 758 адамды құрап отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстанда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің жоғары білікті мамандарына сұраныс көп

«Экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде бос жұмыс орындарының едәуір көп саны өнеркәсіпте - 6 210 бірлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында - 3 279 бірлік, ең азы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда - 302 бірлік бойынша қалыптасқан.

Өнеркәсіпте (7 462 адам), құрылыста (3 523 адам), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында (2 802 адам) кадрларға едәуір көп тапшылық анықталды, қызметкерлерге күтілетін қажеттіліктегі олардың үлесі 56,3% құрады», делінген баспасөз баянында.

Комитет мәліметіне қарағанда, жеке меншік нысандағы кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметкерлерге күтілетін қажеттілік жалпы 2015 жылға 16 498 адамды құрамақ. Ал мемлекеттік меншік нысандағы кәсіпорындар мен ұйымдарда басым көп қажеттілік денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласына келеді (2 396 адам). Мемлекеттік меншік нысанындағы кәсіпорындардың қызметкерлерге жалпы күтілетін қажеттіліктегі үлесі 53,8% құрады.

«Өңірлер бөлінісінде бос жұмыс орындарының басым көп саны Алматы қаласында - 4 872 бірлік, Астана қаласында - 3 804 бірлік, Қарағанды облысында - 1 973 бірлік. Алматы қаласында бос жұмыс орындарының көбі өнеркәсіпте, сонымен қатар көтерме және бөлшек сауда мен автомобильдерді жөндеу саласында болса, Астана қаласында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында (1 066 бірлік), Қарағанды облысында көлік және қоймалау саласында (893 бірлік) қалыптасқан», делінген баспасөз баянында.

Сонымен бір мезетте, бос орындардың ең аз саны Қызылорда облысында - 204 бірлік, Жамбыл облысында - 335 бірлік, Ақтөбе облысында - 379 бірлік болса, қызметкерлерге ең аз қажеттілік Шығыс Қазақстан облысы (135 адам), Ақмола (141 адам), Қызылорда облыстарында (168 адам) және Ақтөбе облысында (222 адам) байқалған.