Қазақстанда домалақ арыздар бойынша тексеру фактілері жойылды - Қаржы полициясы
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда домалақ арыздар бойынша тексеру фактілері жойылды. ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жайында ведомство басшысы Рашид Түсіпбеков мәлім етті.
«Жыл бойы біз шағын және орта бизнес жұмысына араласпау ұранымен жұмыс істедік. Осыған орай үлкен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, домалақ арыздар бойынша тексеру фактілері жойылды. Қаржы полициясы қызметкерлеріне азаматтық-құқықтық қатынастарға араласуды болдырмау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін келтірілген залалы төменгі көрсеткішке жетпейтін жалпы қылмыстар бойынша тексерулерді өткізбеу тапсырылды. Қолданылған шаралар қаржы полициясының бастамасымен уәкілетті органдардың кәсіпкерлерді тексеруін 5 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет», - деді ол.
Сонымен қатар ведомство басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бизнес субъектілерінің құқығын қорғау бойынша бірлескен іс-қимыл туралы жаңа меморандумның келісу процедурасын жылдамдату және агенттікте кәсіпкерлерді қабылдау күнін белгілеу туралы тапсырма берді.
Кестеге сәйкес агенттік төрағасының орынбасарлары мен басқарма бастықтары апта сайын бизнес өкілдерімен кездесуі және олардың сұрақтарына жауап берулері қажет.