Қазақстанда донорлық мүшені алмастыру бойынша бір жыл ішінде 200-ге жуық ота жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өткен жылы донорлық мүшені ауыстыру бойынша 200-ге жуық ота жасалған.Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологы Серік Жарықов мәлім етті.
«Қазақстанда бүйрек, бауыр сынды мүшелерді трансплантациялауда жаңа технологияларды қолдану игеріле бастады. Өткен жылы ғана мүшені алмастыру бойынша 200-дей ота жасалды. 5 жыл бұрын мұндай операциялардың саны әлдеқайда аз болған», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологы Серік Жарықов.
Оның айтуынша, Қазақстанда адамның мүшелері мен ұлпасын заңсыз алуға және алмастыру отасына тыйым салынған.
«Елде туыстық трансплантация қарқынды дамуда. Науқастарды өлім аузынан алып қалуға көбіне туған-туыстары көмектеседі. Алайда кез келген адам науқасқа донор бола алмайды. Себебі, олардың фенотипі сәйкес болуы керек. Елдегі трансплантологтарды БАҚ-да қазақстандықтар арасында мүшелерді сату фактісінің ұлғайғаны туралы ақпараттар алаңдатады», - дейді ол.
Жалпы, ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексіне сәйкес, адам мүшелері мен ұлпаларын сатып алу мен сатуға тыйым салынған.
«Тірі донордан немесе өлі адамның мүрдесінен мүшелер мен ұлпаларды алу тек мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде, мемлекеттің қатысуымен жұмыс істеп жатқан денсаулық сақтау мекемелерінде, сондай-ақ «трансплантология» бойынша қызмет көрсете алатынын растайтын лицензиясы бар денсаулық сақтау саласындағы Ұлттық холдинг пен олардың еншілес ұйымдарында жүргізіледі», - деп бас транспантолог.
Айта кетерлігі, адамның мүшелері мен ұлпаларын жеке тұлғаның әкеліп беруіне немесе шығаруына жол берілмейді. Мүшені заңсыз алу немесе күштеп алу еліміздің Қылмыстық кодексімен қудаланады. Ал заңды бұзған азамат 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.