Қазақстанда допингпен күрестің күшейтілген шаралары заңда жазылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ел Үкіметіне спортта допинг қолданумен күреске бағытталған шаралар нақты көрсетілген заң жобасын ұсынатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қазіргі уақытта  допинг қолданғаны үшін жаза шараларын қатаңдату бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар алдағы уақытта Қазақстан Республикасында да қолданылуы мүмкін. Министрлік барлық іс-шараларды жүргізгеннен кейін Үкіметке «Дене тәрбиесі және спорт туралы» ҚР Заңына  спортта допинг қолдануды тыю шараларын күшейтуге қатысты өзгерістер енгізу туралы бастамамен шығады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Айта кетерлігі, бұған дейін  Fox Sports телеарнасы допинг қолданғаны үшін 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының медалінен айырылған спортшылар туралы мәліметтерді жария еткен болатын. Аталған тізімде Қазақстан 2-ші орында тұр. Өйткені, Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанның 9 спортшысын медалінен айырған. Көш басында 19 споршысы допинг дауына іліккен Ресей тұр. Ал 7 наградадан қағылған Беларусь үшінші орында.

Мұндай дау-дамайға қарамастан Қазақстан спортшылары биылғы Рио олимпиадасында тамаша өнер көрсетті деп айта аламыз. Жалпы, Рио-де-Жанейродағы 31-ші жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 22-ші орынға тұрақтады. Қазақстан спортшылары 17 медаль ұтып алды. Оның ішінде Ниджат Рахимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу), Данияр Елеусінов (бокс) алтын медаль алды. Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гузель Манюрова (әйелдер күресі) күміс медальмен қанжығаларын майлады. Қола медаль Отгонцэцэг Галбадрах (дзюдо), ауыр атлеттер Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, палуандар  Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко, Дарига Шакимоваларға бұйырды.

Соңғы жаңалықтар