Қазақстанда Дүниежүзілік артериялық гипертония күні аталып өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық өңірлерінде 11-12 мамыр аралығында Дүниежүзілік артериялық гипертония күніне арналған шаралар өтуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.

Қазақстанда Дүниежүзілік артериялық гипертония күні аталып өтуде

Жиындардың мақсаты - халықтың аталған ауруды диагностикалау, емдеу мен алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру.

«Халықтың артерия гипертониясы туралы хабардарлығының аз болуы аталған сырқаттың маңыздылығын дұрыс бағаламауға, аурудың алғашқы кезеңінде, қатерлі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік бар уақытта дәрігерлік көмекке жүгіну көрсеткішінің төмен болуына әкеледі»,-дейді ведомство өкілдері.

Азаматтардың аталған ауру туралы хабардарлығын арттыру мен оның алдын алу үшін республика аймақтарында адамдар көп жиналатын жерлерде (азаматтарға қызмет көрсету орталықтарында, сауда үйлерінде және т.б.) қандағы глюкоза деңгейін, артериялық қан қысымы мен тамыр соғысын және дене салмағының индексін анықтау шаралары, сонымен қатар ақпараттық-ағарту материалдарын тарату шараларын қамтитын акциялар өтеді. Мұнымен қоса, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында (АМСК) кардиологтар, терапевтер мен невропатологтардың кеңес беруі арқылы ашық есік күндері өтеді.

Сонымен бірге, АМСК медициналық қызметкерлері үшін артерия гипертониясының профилактикасы мәселелері бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Артериялық гипертонияға байланысты мәселелерді шешуге қоғам назарын аудару - артериялық гипертонияның асқынуынан болатын жүрек-қан тамырлар жүйесінің ауруларын тиімді түрде алдын алуға мүмкіндік береді.