Қазақстанда Эболамен күреске арнайы құрылым құрудың еш қажеті жоқ - Денсаулық сақтау министрлігі

«Биологиялық қауіпсіздік, инфекциялық, карантиндік, аса қауіпті аурулар, оның ішінде Эбола безгегін ғылыми-зерттеу жұмыстары, диагностикалау, сонымен қатар эпидемияға қарсы алдын алу шараларын жүргізу Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің құзырында», - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратына қарағанда, комитет құрылымына Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-зерттеу орталығы, М.Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық жұқпалар ғылыми орталығы, Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары кіреді.
«Инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал асқынған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен шығыстар қарастырылған», - делінген министрлік ақпаратында.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, бүгінде Эбола безгегін емдеудің келісілген тәсілі жоқ.
Айта кетерлігі, Эбола безгегі Орталық және Батыс Африка елдерінде таралуда. Бүгінде бұл індет 5,4 мыңнан астам адамның өмірін жалмады.