Қазақстанда екі агроорталықты құру жоспарланған - вице-министр Айтуғанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді күшейту мақсатында екі агроорталық құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда екі агроорталықты құру жоспарланған - вице-министр Айтуғанов

«Агроөнеркәсіп саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге өнім өндірушелердің қаржысын тарту жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротеxникалық университеті негізінде екі агроорталықты құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ дайын ғылыми теxнологиялардың трансферті жүргізіледі. Ол үшін арнайы орталық та құрылған», - деді Айтуғанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы жұмыс жоспарын таныстырды. Аталған жоспардың ішінде Жер комиссиясының жұмысы нәтижесінде қолға алынған шаралар да бар.

«Атап айтқанда, жердің жаңа кадастрлық бағасын белгілеу, нақты мәліметтер базасын жасақтау және геоботаникалық карталарды әзірлеу жұмысы жүргізіледі. Қазіргі заң жобасы Үкіметтің ақпанның 16-сы күнгі қаулысымен Парламенттің қарауына енгізілді », - дейді Айтуғанов.