Қазақстанда экология жағынан «таза» облыс жоқ - Н. Әшімов
А. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Қазіргі уақытта Қазақстанда экология жағынан «таза» облыс жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қалдықтарды кешенді қайта өңдеу проблемалары туралы.
Киото хаттамасының тетіктерін іске асыру» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экологиялық картаны алып қарасақ, кең-байтақ Қазақстанның барлық облыстары, барлық өңірлері түрлі зиянды, залалды заттармен былғанған. Яғни, республика бойынша экологиялық «таза» облыс жоқтың қасы. Мәселен, орталық өңірді қарайық - Арқа жерінде - сынап, Теміртауда - карбид, Павлодарда - химия зауыты, Ақмола, Павлодар облыстарында уран өндірісінің үйінділері сақтаулы. Республиканың батыс аймағындағы Атырау облысында күкірт үйінділері мөлшерден тым артық. Өңірде аумағы 5 мың гектар алапта жатқан қарамайлы жерлер батыстың барлық облысын қамтыған. Маңғыстау облысында радияциялық қалдықтар болса, Ақтөбе облысындағы ең қауіпті мәселе - хром. Қазақстанның оңтүстігінде 1 млрд. 1 млн. тоннадан астам өте қауіпті болып табылатын фосфор қалдықтары жинақталған. Шығыста ластанған шахта суларының өзендерге құйылуы үлкен экологиялық проблема тудырып отыр. Бұдан басқа, аймақта өнеркәсіп ошақтарының күлге айналған үйінділері алаңдатарлық мәселе болып табылады. Бұрыннан келе жатқан әскери полигондар, оның ішінде бірінші кезекте Семей полигоны, Азғыр полигоны мен Байқоңырдың қоршаған ортаға жағымсыз әсері зор екендігі белгілі», деді министр.
Сонымен бірге, Н. Әшімов еліміздегі коммуналдық, тұрмыстық қалдықтарға да назар аударып өтті. Оның айтуынша, республика бойынша 6 мың 325 елді мекенде коммуналдық қалдықтардың 4 мың 525 полигоны бар болса, бұның тек 7 пайызы ғана заңдастырылған. Ал жиналған қалдықтардың тек 2 пайызы ғана кәдеге жаратылса, басқалары ашық-шашық күйінде жатыр, ауаға таралуда. «Елімізде коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару қызметімен елді мекендердің тек 25 пайызы қамтамасыз етілген», деді Н. Әшімов.