Қазақстанда экологиялық таза жанармай өндіруге барлық жағдай бар — вице-министр

Талғат Ластаев
Фото: Kazinform/Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтіп жатқан «Green Airports» аймақтық семинары аясында Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев экологиялық таза жанармай өндірісі туралы айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда ұшақтарға арналған экологиялық жанармай өндірісін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

— 2028 жылдан бастап Еуропалық Одақ әуе кеңістігіне белгілі бір көлемде экологиялық таза жанармайды қолданатын әуе компаниялары ғана кіре алады. Осыған орай, біз әуе кемелерінің жанармайына қатысты әртүрлі жобаларды қарастырып жатырмыз. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз-Аэро» экологиялық таза жанармай өндіру мәселесімен айналысуда. Өнеркәсіп орны халықаралық банктермен мұндай өндірісті ашу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр, — деді Талғат Ластаев.

Сондай-ақ Көлік вице-министрі Қазақстанда экологиялық жанармай өндіруге барлық жағдай бар екенін атап өтті.

— Экологиялық жанармай дәстүрлі жанармайға экологиялық қосындыларды қосу арқылы жасалады. Оның бірнеше түрі бар. Қазір олар елімізде енгізу үшін зерттеліп жатыр. Қазақстанда экологиялық жанармай жасауға барлық жағдай бар. Себебі бізде өзіміздің жанармай өндірісі бар. Біз алдағы уақытта халықаралық JetA1 стандартына көше бастаймыз және соның негізінде экологиялық жанармай өндіреміз, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі аймақтарда жанармай қорын толықтыру бойынша мәлімдеме жасаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар
telegram