Қазақстанда экологиялық айыппұлдар сомасы тым жоғары - «Шеврон»
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шеврон» корпорациясының пайымынша, Қазақстанда экологияға келтірілген залал үшін айыппұл сомасы тым жоғары.
«Біздің экологиялық заңнама қоршаған ортаны қалпына келтіруге және қорғауға, сондай-ақ табиғат пайдаланушы мен мемлекет арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталмаған», - деді бүгін еліміздің экологиялық заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс тобының бірінші отырысында «Шеврон» корпорациясының еуразиялық бөлімшесінің басқарушы кеңесшісі Жұмагелді Елубаев. Сонымен қатар ол осыған байланысты бір жыл бұрын ірі кен орнын пайдаланушыларды, кәсіби және салалық қауымдастықтарды жұмылдыру арқылы жаңа тұжырымдама мен заң жобасы әзірленгенін жеткізді. «Экологиялық заңнама реттейтін бұл ережелер айқын әрі түсінікті болуын қалаймыз. Заңсыз іс-қимылдар кезінде шаралар алгоритмі сұрақтар тудырады. Осы орайда қоршаған ортаға залалдарды өтеу міндеті басымдығымен алгоритмді енгізу ұсынылуда. Оны жүзеге асыру өте жеңіл, яғни математикалық формулалар арқылы сандарды қойып, келтірілген шығын анықталады. Қазіргі кезде заң бұзушылыққа жол берген компанияларға миллиардтаған сомамен есептелетін айыппұлдар салынуда. Біздің шетелдік сарапшылар ұсынған құжаттарға қарағанда, бірде бір елде біздегідей осындай үлкен сомалар саналмайды», - деді сарапшы.