Қазақстанда экологиялық таза өнімдер туралы заң қабылданады

Естеріңізге сала кетейік, құжат Мәжілісте және Сенатта мақұлданып, Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.
«Аталған заңды қабылдау халық денсаулығы мен тұтынушылар құқығын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ органикалық өнімді өндіру саласында кәсіпкерлік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін дамытады, экспортты арттырады және басқа маңызды мүмкіндіктерге жол ашады», - деді бүгін «Қазақстандағы органикалық ауыл шаруашылығын дамытудағы бастамаларды қолдау» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Осы орайда ол халықаралық стандарттар негізінде өнімді сертификаттау мен өндіру жағдайында тиімді жүйені енгізу қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Экономикалық интеграция басқармасының басшысы Зейнолла Шәріпов осы саладағы халықаралық қолдау шаралары туралы айтып берді. Мәселен, 2014 жылы бұл бағытта тиісті жоба бастау алып, осыған сәйкес БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ұлттық заңнаманы зерттеуге, сертификация жүйесін құруға, сондай-ақ талқылаулар жүргізу үшін елімізге 340 мың доллар көлемінде қаржы бөлген.
«Жоба екі жыл бойы жүзеге асырылуда. Алдымыздағы тағы да бір жарым жыл бар. Бұдан кейін де бірқатар дөңгелек үстелдерді, тренингтерді өткізу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда қызығушылық танытқан барлық адамдарды белсенді тартуға тырысамыз», - деді З. Шәріпов.