Қазақстанда экономиканың мемлекеттік секторының үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құрайды

АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанда экономиканың мемлекеттік секторының үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құрайды.

Қазақстанда экономиканың мемлекеттік секторының үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құрайды
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіде өткен «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Вице-министр жаңа заң жобасы жөнінде түсініктеме бере келе, құжатты әзірлеу барысында әлемдік тәжірибелер сараланғанын алға тартты. Мәселен, осы мақсатта Германияның, Қытайдың, Грекияның, Молдованың, Украина, Қырғыз және Ресей мемлекеттерінің мемлекеттік меншікті басқару мәселелері жөніндегі заң актілері зерделенген. Т. Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде алғаш рет мемлекеттік меншікті басқаруға қатысты құқықтық базаны жүйеге келтіруге талпыныс жасап отыр. «Жүргізілген талдау дамыған елдерде мемлекеттік сектордың үлес салмағының шектеулі екендігін көрсетті. Мәселен, Еуропаның мемлекеттік кәсіпорындарында оның үлесі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызынан (Германия) 30 пайызына дейінгі (Австрия) аралықты құрайды. Ал мұнда жұмыс күші 4 пайыздан (Ұлыбритания) 20-25 пайызға дейін (Австрия, Грекия, Франция) қамтылған. Қазақстанда экономиканың мемлекеттік секторының үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы болып отыр. Мемлекеттік сектор 4 мың 660 мемлекеттік кәсіпорыннан, 14 мың 723 мемлекеттік мекемеден, 260 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден, 191 акционерлік қоғамнан, оның ішінде 6 холдингтен тұрады. Сондықтан да бұл активтерді тиімді басқару үшін жаңа ұстанымдар әзірлеп, оларды заң арқылы жүзеге асыру қажет», -деді вице-министр.