Қазақстанда экспорттық консорциумдар құрылады - «Даму» қорының басқарма төрайымы Л.Ибрагимова
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы сарапшыларының Қазақстандағы қызметі нәтижесінде экспорттық консорциумдар құрылады. Бұл туралы бүгін VI Астана экономикалық форумы аясында журналистерге сұхбат берген «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.
Оның хабарлауынша, ағымдағы жылы Қазақстанда ашылатын Халықаралық өнеркәсіптік кәсіпкерлік орталығының жұмысы барысында, ең алдымен, төрт сала бойынша үздік компаниялар іріктеледі. «Ал 2-3 жылдан кейін олар қайтадан тексерістен өтеді. Дәл сол кезде оларға экспорттық консорциумдарды құру механизмдері ұсынылады. Осының арқасында кәсіпкерлер Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында емін-еркін жұмыс істей алады. Мәселен, қазақстандық компаниялар бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» деген тауарларды басқа мемлекеттердің нарықтарына шығара алады», - деп атап көрсетті Л.Ибрагимова.