Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік қалай құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда «KazakhExport» компаниясы базасында толыққанды экспорттық-кредиттік агенттік құрылады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері отандық шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге бағытталған экспорттық-кредиттік агенттік туралы заң жобасын қарады.

«Бүгінгі таңда алдымызда 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін кемінде екі есе ұлғайту міндеті тұр. Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік құру мәселесі осы мақсатқа жету үшін қисынды қадам болмақ. Ол Ресейдегі ЭКСАР, Қытайдағы Sinosure, Кореядағы K-Sure, Германиядағы Euler Hermes сынды мемлекеттік экспорттық несиелік агенттіктері арқылы әлемдегі шикізаттық емес экспортты дамытудың әлемдік тәжірибесіне негізделген. Дамыған елдерде экспорттық-кредиттік агенттіктер экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды ілгерілетумен айналысады, олар арнайы құқықтық мәртебеге ие және Үкіметке есеп береді», - деп жазды Қ. Төребаев Facebook желісінде.

Бұл мәселе соңғы бірнеше жыл бойы талқыланып, өткен жылы заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен келісіліп, кеше Мәжілістің қарауына шығарылған.

Құжаттың мақсаты – Қазақстанда де-юре экспорттық сақтандыру компаниясы, іс жүзінде экспорттық-кредиттік агенттік болып саналатын «KazakhExport» компаниясы базасында толыққанды экспорттық-кредиттік агенттік құру.

«Яғни, бүгінде экспорттық-кредиттік агенттік функцияларын іс жүзінде орындап жатқан KazakhExport – заңды түрде Ұлттық банктің сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар экспорттық сақтандыру компаниясы, бұл компанияны қолдау құралдарын сақтандырумен, экспортты қайта сақтандырумен шектеп отыр. Компанияны ЭКА-ға трансформациялау және елде шикізаттық емес экспортты дамыту мен қолдаудың толыққанды институтын құру экспорттық операциялардан, субсидиялаудан, кепілдендіруден бастап, өткізу нарықтары, елдердің тауарлар мен қызметтерге қажеттіліктері мәселелері бойынша сервистік қолдауға дейін мүмкіндік береді», - дейді вице-министр.

Экспорттаушылар шағын және ірі бизнес клиенттері арасында көлемі бойынша бөлінбейді. Компания қызметтерін қазақстандық компаниялар ерікті негізде пайдалана алады.

Яғни, ЭКА құралдарын экспорттаушылар үшін қолдану бұрынғыдай міндетті болмайды.

Әр компания өзінің сын-қатерлері мен қаржылық мүмкіндіктерін есептейді.

Бірақ қажет болған жағдайда ЭКА экспорттаушыларды қорғаудың барлық қажетті арсеналын ұсына алады.

«KazakhExport 2016 жылдан бастап 845 млрд теңгеден астам сомаға 196 экспорттаушыға қолдау көрсеткен. Өткен жылы қолдау сомасы 259,1 млрд теңгеге жетті және 526 шетелдік сатып алушылармен сауда қатынастарын жолға қойған 80 экспорттаушыны қамтыды. 2016-2022 жылдары KazakhExport Қазақстан экспортын қолдау үшін 506,2 млрд теңгеге екінші деңгейдегі банктерден қосымша қаражат тартқанын атап өткен жөн», - деді Қайрат Төребаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram